Алашорда қыраны – Отыншы Әлжанов: бейнелекциясы
2021 жылдың 31 наурыз күні ШҚО Абай атындағы кітапхананың фейсбук желісінің тікелей эфирінде әр сәрсенбіде шығатын «Алаш» жобасы аясында «Алашорда қыраны – Отыншы Әлжанов» тақырыбында алаштанушы, қоғам және мәдениет қайраткері Құсмілиә Нұрқасымның бейнелекциясын ұсынды.
Арнайы лекциясын «Алаш» қозғалысы қазақ тарихындағы ерекше кезең деп бастаған Құсмілиә мырза, белгілі қоғам қайраткері, тарихшы, ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзімен «Алаш партиясының саяси платформасы бұл – қазақ ренессансы» – деп оқырман қауымды рухтандырды.
Алаш зиялыларының барлығы дерлік жоғарғы оқу орындарында оқыған көзі ашық азаматтар болғанын, тарихты, әдебиетті, географияны жақсы білгенін және барлығы алған білімдерін, жиған біліктілігін ұлт мүддесі үшін арнағанын тілге тиек етті.
Лекция тақырыбына арқау болып отырған Отыншы Әлжановтың ойы озық, сөзі өткір Алаш азаматы болғанын, 1894 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын үздік аяқтап мұғалім атағын алып, Көкпекті өңірінде қазақ-орыс училищесінде директорлық қызметте атқарып жүріп саяси өмірге араласып, елінің қамын ойлап, керек жерінде наразылық танытып бас көтерген ұлтының ұлы перзентерінің бірі екенін баядады.
Бір өкініштісі аттары әлі күн беймәлім, немесе жұрт жете танып үлгерген Алаш арыстарының суреттері арасынан Отыншы Әлжановтың суреті табылмай, әлі нақтылы анықталмай келе жатқанын айтты.
Бір қуантары асыл ердің ескерткіші өзі Отан үшін от кешіп, жанын қиып, дүниеден өткен жері Үржар ауданында Қуат Есімханов есімді азаматтың мұрындық болып, қолдауымен қойылғанын мақтанышпен жеткізді.