Фарабитанушы Ақжан Әл-Машани мұраларын зерттеу мен зерделеу мәселелері: бейнелекция
18 мамыр күні Абай кітапханасының ұйымдастыруымен Zoom платформасында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, т.ғ.д. Дүкенбаева Задаш Оразғалиқызының «Фарабитанушы Ақжан Әл-Машани мұраларын зерттеу мен зерделеу мәселелері» тақырыбында бейнелекция өтті.
Аталмыш іс-шара Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар келетін, еңбегі – ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қазақ топырағында туып қана қоймай, қаны түркі екендігін дәлелдеудегі, оның еңбектерімен ұрпағын сусындату және насихаттаудағы теңдессіз қызметі жайлы баяндаудан басталды.
Фарабитанудың атасы атанған Ақжан Машанидің арқасында Әл-Фараби сынды ұлы ғұламаның рухы, есімі өз Отаны қазақтың қара топырағына қайта оралған болатын. Сонымен қатар іс-шара барысында Әл-Машанидің ғылыми-шығармашылығының бір мұраты «Екінші ұстаздың» орнында қалған қыруар баға жетпес мұрасын зерттеу, саралау, қалың оқырманға қаймағын бұзбай жеткізу екендігі жайлы да сөз қозғалды.
Дәріс барысында сонымен қатар оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтар да жауапсыз қалмады.