Алаш фәлсафасы: бейнедәріс
2021 жылдың 26 мамыр күні ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының ZOOM платформасында әр сәрсенбі күні «Алаш» жобасы аясында өткізілетін тікелей эфирінің қонағы әдебиеттанушы-философ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбаймен аталмыш тақырыпта тікелей эфирде бейнедәріс өтті.
Шара барысында Тұрдықұл Қасенұлы фәлсафа ұғымына тоқтала отырып, алаш фәлсафасының басқа ғылымдардан айырмашылығын тілге тиек етті. Бұл ұғымның кездейсоқ еместігін, яғни фәлсафа адамзат баласын тану арқылы таным мен сенімді қарастыратындығы туралы ой-тұжырымдар айтты. Қазақ фәлсафасын Хакім Абайдан басталғандығы, оның ойшылдығының ең биік шыңы «толық адам» мәселесі болғандығына және осының өзі фәлсафа екендігіне тоқталды. Мәселен, автор «Алланың өзі де рас, сөзі де рас деген» Абай танымына тек фәлсафаның бара алатынын меңзеп отырғандығын атап өтті.
Сонымен қатар бейнедәрісте алаш философиясының іргелі бірнеше бағыттары: алаштың саяси философиясы, алаштың білім философиясы және алаштың ғылым философиясына тоқталды. Қазақ философиясының ежелгі бастауы – түркі философиясы болса, жаңа замандағы қайнары – алаш философиясы,- деп атап көрсетті. Алаш алыптары мақсат қылып қойған мәселелердің ішінде – Білім мәселесі, сол қоғамның басты құндылығы ретінде қарастырылды. Олай болатын себебі, білім философиясының субъектісі – адам, ал – білім адам болмысындағы басты құндылық,- деп атап өтті. Алаш алыптарының мақсаты – білімді тұлға, білімді қоғам, білімді мемлекет болды деп айта келе, алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б. алаш философиясына ерекше назар аударып, осы тақырыпта көптеген еңбектер жазды,- деді.
Сөз соңында оқу орындарында алаш фәлсафасын енгізу мәселесін ұсынып, өз ойын тұжырымдады.