Атаулы кітапханалардың ұлттық әдеби мұраны сақтауға тигізетін әсері: кітапханалар съезі
2021 жылдың 18 маусымында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Ульянов облыстық В. И. Ленин атындағы ғылыми кітапханасы және Ульянов облысы Үкіметінің, Ресей кітапханалық қауымдастығының, Еуразия кітапханалық Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырған ZOOM платформасында өткен I Бүкілресейлік атаулы кітапханалар съезіне қатысты.
Съезде Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Г.Нұғыманова «Атаулы кітапханалардың ұлттық әдеби мұраны сақтауға тигізетін әсері» атты баяндама жасады. Гүлмира Тоқтарханқызы өз баяндамасын Қазақстанның рухани және мәдени орталығы ретінде Семей қаласының тарихына қысқаша экскурсиядан бастады. Кітапхана тарихына жан-жақты тоқталып, Абай Құнанбаев өзінің орыс достары Е.П.Михаэлис, Н.Я. Коншин, Н.И. Долгополов, Б.Н. Герасимов сынды зиялы қауым өкілдерімен бірге кітапхананы ашу жұмыстары және американдық саяхатшы, журналист Дж. Кеннанның Семей қаласына келуі жөнінде баяндады. Съезге қатысушыларды заманында ұлы ақын оқыған орыстың және батыстың классикалық шығармаларымен, ғылыми басылымдарымен, анықтамалықтармен, мерзімді басылымдармен таныстырды.
Тыңдаушыларға «Абай әлемі» жобасы мен ақынның мол мұрасы, Абайдың рухани орталығы мен ғұламаның 175 жылдық мерейтойы аясында өткізілген іс-шаралар жөнінде ақпараттар ұсынды.
Іс-шараға Абай Құнанбаев туралы кітаптар, оның шығармалары, «Абай әлемі» сериясы бойынша жарық көрген кітаптардан кітап көрмесі дайындалды. Баяндамада баяндалған ақпараттар слайдтармен сүйемелденіп, бейнематериалдар көрсетілді.