Қазақ даласының алғашқы ұстазы: кітап көрмесі
Абай атындағы кітапхана 4 тамыз күні қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай Ыбырай Алтынсарин шығармашылығына қызығушылықты оятып, ұлттық бірегейлік пен ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыру мақсатында «Қазақ даласының алғашқы ұстазы» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды.
Ыбырай Алтынсарин -ұстаз, ағартушы және гуманист, қазақ тіліндегі оқулықтарды, қазақ әліпбиі мен жазуды, қазақ мектептеріне арналған орыс тіліндегі оқулықтарды жасаушы.
Ыбырай Алтынсарин лирикалық өлеңдер, қазақ даласының табиғаты мен оның байлығы туралы әңгімелер, этнографияға арналған очерктер, экономикалық, әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша публицистикалық жазбалар тұрғысында бай шығармашылық мұра қалдырды.
Көрмеге Ыбырай Алтынсариннің шығармалары, ғылыми -педагогикалық еңбектері, ағартушының өмірі мен қызметін айшықтайтын: Ы.Алтынсарин «Кел, балалар, оқылық», Ы. Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар …», Ж.Смағұл «Алтынсарин және ұлттық әдеби мұра», «Ыбырай Алтынсарин тағлымы», Ә. Дербісәлин «Ыбырай Алтынсарин» және т.б. әдебиеттер мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар ұсынылды.
Көрмеге ұсынылған материалдар Ыбырай Алтынсарин мұрасының бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын және әлі де қызығушылық тудыратынын дәлелдейді.