Маңызды шешімдер кезеңі: экспозициялық көрмеге онлайн шолу
27 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасы ZOOM платформасында ҚР ІІМ көліктегі ПД Достық станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне «Маңызды шешімдер кезеңі» атты экспозициялық көрме онлайн шолу жасады. Бұл көрме Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынан әкелінген мұрағат материалдары мен жәдігерлерін қамтиды.
Үш бөлімнен тұратын экспозициялық көрме еліміздің, Тұңғыш Президентіміздің ядролық қарудан бас тартуға және атомды тек қана бейбіт мақсатта қолдануға негізделген жаһандық көзқарасын көрсетеді. «Семей қасіреті» атты бірінші бөлімде полиция қызметкерлеріне Семей ядролық сынақ полигонының қызметіне байланысты құжаттар, халықтың шеккен зардабы, елдегі радиациялық жағдай туралы материалдары таныстырылды. «Елбасы бастамалары» атты бөлімде Елбасы кітапханасы қорындағы материалдардың негізінде Елбасының ядролық қатерден азат әлемді нығайтуға бағытталған бастамалары мен әлемдік көшбасшы мемлекеттердің Жоғары мемлекеттік наградалары, төсбелгілері көрсетілген. Ал көрменің «Бейбіт атом құқығы» атты үшінші бөлімінде көрермендер назарына Елбасының атомды бейбіт мақсатта пайдалану идеясын насихаттау және ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық пайдалану мәселелері байланысты өткен саммиттердегі мемлекет басшысының сөйлеген сөздерінен видеоүзінділер мен фотосуреттері көрсетілді.
Экспозициялық көрме «бүкіл әлем үшін ядролық қарусызданудың моделі» ретінде танылған Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан ерекше үлесін айқындайды.