Жастықтың оты жалындап: тікелей эфир
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 28-ші жұлдызында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының инстаграм желісінің тікелей эфирінде «Жастықтың оты жалындап» жобасы аясында жас ақын, Шәкәрім атындағы университеттің студенті, Дулат Бабатайүлы атындағы ақындар үйірмесінің төрайымы Дильназ Ғалымбекпен сұқбат өтті.
Сырлыда нәзік поэзияны меңгеріп, ақындық әлемге қанат қағып келе жатқан жас буын жеткіншектердің бірі, жас талап өзінің ақындық әлемге қалай келгенін, өлеңнің нәрі бойына әке қаны, ананың сүтімен дарығанын айтып әңгіме өрбітті.
Бүлдіршін күнінен «Абай оқулары» байқауына қатысып, бірнеше мәрте бағын сынап, сынақтан құласада, сағы сынбай, талмай еңбек етіп жетістікке жеткенін, жалпы қайсарлық қазақ қыздарының бойынан табылуы тиіс бір қасиет екенін тілге тиек өтті.
Қазіргі жастардың кітапқа, білімге деген қызығушылығы төңірегінде ой қозғап, жаңа заман ақындарының өлеңдегі беталысы қандай деген сұраққа жауап іздеп, өлеңде, өнерде қайсы бірі болмасын өскелең ұрпақты, қоғамды рухани тәрбиелеуге үлес қосу керек деген ниетін білдірді.
Алда талай жоспарланған жұмыстардың, іс-шаралардың бар екенін, Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар үйірмесінде өз замандастарымен бірге сөз жүйесін меңгеріп, білгенін үйретіп, білмегенін үйреніп жан-жақты дамуды қолға алғанын қонағымыздың сөзінен аңғардық.
Эфир соңында қонағымыздан қонақ кәдеге өлең сұрап, өнердің жолында тынбай еңбек етіп, бойындағы талантын ізденісімен ұштастырып жүрген қарындасымыздың талабына нұр жаусын деп сұқбатымызды аяқтадық.