Менің кредом – шексіз даланың еркін тынысын бейнелеу: кездесу кеші
Нұрбұлан Өтепбаев мемлекетімізге және оның сыртына танымал суретшілеріміздің бірі. Шығармашылығының сүбелі бөлігін қазақтың ұлы ақыны Абайға және оның ақындық айналасына арнаған суретші биылғы жылы 70 жасқа келіп отыр. Осыған орай қазан айының 26 күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында Нұрбұлан Өтепбаевпен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш барысында Шәкәрім атындағы университеттің сурет факультетінің студенттері алдыңғы буын ағаларымен емен-жарқын жүздесіп, еркін әңгімеге көшті. Көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, шығармашылық шеберханасы туралы сөз қозғады. Бүгінгі қазақ сурет өнерінің дамуы жайында басталған әңгіме, осы бір таңғажайып өнердің арғы-бергі тарихына ойысты. Елімізде еңбектеніп жатқан жандар жайлы айтылып, жас буынның беталысы да әңгімеге арқау болды. Кеш соңында мерейтой иесі ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.