Интеркультурализм: дөңгелек үстел
2021 жылдың 12 қараша күні Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Интеркультурализм» тақырыбында ауқымды шара өтті. Аталған іс-шараға қаламыздағы «Достық үйі» директоры Надежда Шарова және М.Әуезов атындағы педогогикалық колледждің студенттері шақырылды.
Дөңгелек үстел барысында Надежда Шарова баяндама жасады, онда Қазақстанның мемлекет ретіндегі тарихының өзекті мәселелері және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының маңыздылығы талқыланды. Интеркультурализм әртүрлі мәдениеттерді біріктіретін мүдделерді іздестіру мен әртүрлі этностардың өкілдері арасында жағымды қарым-қатынас орнатуды алдыңғы қатарға шығаратыны айтылды. Надежда Шарова мәдени айырмашылықтарды мойындай отырып, интеркультурализм жабық мәдени қауымдастықтар құруға қарсы екенін атап өтті.
Шараның модераторы, кітапхана қызметкері Мерей Қарт студенттер мен спикер арасында пікір алмасу үшін мәдениетаралық және ұлтаралық қарым-қатынастар, олардың дамуы туралы өзекті сұрақтар қойды. Жастар тәуелсіз еліміздің бүгіні мен болашағы туралы өз ойларын ортаға салып, өз пікірлерін білдірді.
Келелі кездесуге қатысқан жеке тұлғалардың көбі Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деген даналығын ортақ ұстаным етіп тарқасты.