ҚР Тәуелсіздігін қалыптастырудағы Н. Назарбаевтың рөлі: дөңгелек үстел
2021 жылдың 16 қарашасында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасы ҚР ІІМ көліктегі ПД Семей станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне «ҚР Тәуелсіздігін қалыптастырудағы Н.Назарбаевтың рөлі» атты дөңгелек үстел өткізді.
Ең әуелі кітапханамызға арнайы келген қонақтарымызды кітапхана маманы кітапханамыздың тарихымен және кітап қорымен таныстырып, көптеген ақпарат ұсынды.
Шараның басы мекемеміздің екінші қабатында орналастырылған арнайы көрмемен басталып, ондағы қойылған тақырыпқа сәйкес кітаптар таныстырылды. Онда Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне болғаны жайлы айтылды. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін жол сілтеп тұратыны жеткізілді.
Дөңгелек үстел басында жиынның модераторы Қуандық Кенжебекұлы Елбасы Н. Назарбаевтың егемен еліміздің ертеңі үшін аянбай тер төккенін тілге тиек ете келе, оның ойластырған саясаты мен көшбасшылық сипаты Қазақстан экономикасын әлем бойынша экономикасы ең тез дамыған елдердің бірінің дәрежесіне жеткізгенін, тұңғыш президенттің жеке үлесі және халықтың қуатты қолдауының арқасында әлемдік қауымдастықта «Қазақстандық даму моделі» кеңінен таралғанын баяндады.
Станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің назарына шараға дайындалған бейнеролик көрсетіліп, жалпылама талқылау жасалынды.
Шара соңында Н. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына шолу жасалынып, еліміздің қиын-қыстау заманды бастан өткергені және батыр елдің ұрпағының бүгінгі негізгі күші білімде екендігі жайлы ой қозғалды.