«Бір ел – бір кітап акциясы» аясындағы проза жанры: оқырмандар конференциясы
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы 2021 жылдың 23 қарашасында Шәкәрім университетінің филология факультетінің оқытушысы, профессор Тоқсамбаева Айман Омарқанқызымен бірге «Бір ел-бір кітап» акциясына аясында бекітілген 30 кітаптың ішіндегі проза жанры бойынша осы топқа енген қаламгерлердің шығармаларына талдау жасады.
Аталмыш акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу.
Конференция барысында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының Кя-901, 903 топтарының студенттері әрбәр авторға жекелей дайындалып, олардың шығармалары мен жазушылық шеберліктеріне тоқталды. Баяндаманы бастаған Еженхан Талант Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» еңбегін оқырманның ой елегінен өткізсе, Сейсек Мейіргүл Тұрысбек Сәукетайдың «Желқайық» шығармасын жіліктеп берді. Акция аясына енген, туған еліміздің, аймағымыздың қайғысы мен қасіретін бір қыздың тағдырымен көрсеткен Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабына Сүттібаева Гауһар және «Періштелердің өлімі» дейтін Тынымбай Нұрмағамбетовтың туындысына Сейітбек Күләш талдау жасады. Өз Кезегінде жоғарыда айтылған топтың студенті Слямғалиева Айгерім Тобық Жармағамбетовтың қазақ даласында қыстақта мал бағып, боранды аймақта жан алып – жан беріскен қаһарлы мегзілде қайыспаған қайсар қойшы жайында әңгімелейтін «Отамалы» кітабын талқылап берді.
Әрбір баяндаманы жиналған жастар жекелей жіктеп, өз ойларын, қалыптасқан пікірлерін білдірді. Әр шығармадағы айтылатын кейіпкерлер орынына өздерін қойп, сол кейіпкер болып сөйлеп көрді. Қызуда қызықты конференция жаңа жоспарлармен, жаңа шығармаға деген қызығушылықпен аяқталды.