Орхон-Енисей жазба ескерткіштері: дөңгелек үстел
2021 жылы 26 қараша күні Шығыс Қазақтан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы 25 қараша – Орхон –Енисей жазба ескерткіштерінің халықаралық күніне орайластырып, «Орхон –Енисей жазба ескерткіштері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараның мақсаты: Мәңгілік ел ұлттық идеясын Орхон- Енисей жазба ескерткіштері арқылы жалпы жұртшылыққа, жас ұрпаққа жеткізіп, ұлтжандылыққа, Отансүйгіштікке, қайраткерлікке баулып ескерткіштердің ғылыми, әдеби тұрғыдағы зерттелу аспектілері жайында пікір алмасу болды. Шара қонақтары алаштанушы, мәдениеттанушы, Мәдениет саласының үздігі Құсмілия Жырғалұлы, Халықаралық «Абай» қорының басқарма төрағасы, ақын Аслан Ғафуров және Семей қалалық «Жастар орталығының» басшысы Олжас Соғымбай болды.
Құсмілия Жырғалұлы шара барысында қатысушыларға руникалық жазулардың тарихы мен зерттеуші ғалымдар: В.Томсен, В.Радлов, М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлының еңбектерімен зерттелу барысын, көне жазулардағы таңбалардың маңызы туралы, «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» өлең-жырлары жөнінде, жырдың жазылу стилі мен мазмұны туралы айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақаласындағы түбі бір түркіден тараған қазақтың төл тарихын тамырынан терең танып-білуімізге тағы да түрткі болғанын айта келе Құсмілия Жырғалұлы Күлтегін заманы – екінші Түрік қағанаты дәуірінен бастап бүгінгі тәуелсіздіктің 30 жылдығымен байланыстырып студенттерге тарих беттерінін тұшымды ақпараттар берді.
Шара қонақтары Аслан Ғафуров пен Олжас Соғымбай студенттерге айтылған мілеттердің маңыздылығын айтып, жастарға тарихымызға бүгінгі көзқараспен қарап, жан жақты-білімді азамат болып қалыптасуларын тіледі. Шараға Семей Мемлекеттік медицина университетінің 1105, 1212 топ студенттері қатысып тақырыпқа сай жасақталған кең көлемді кітап көрмесімен танысты.