Таңғажайып ертегілер: онлайн жоба
Балалар әдебиеті бөлімі 1 ақпан күні «Ертегілер еліне саяхат» онлайн жобасын іске қосты. Жоба аясында жас Интернет пайдаланушыларына айына 1 рет қазақ халық және әлем халықтарының ертегілері Instagram, Facebook және VK әлеуметтік желісінің парақшаларында ұсынылатын болады.
Жобаның мақсаты – балалардың ертегі оқуға деген қызығушылығын, танымдық қабілеттерін дамыту, оқуға ынтасын оятып, балалардың оқу сауаттылығын арттыру.
Аталмыш жобаны М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің кітапхана бөлімінің 3 курс студенті Асхатқызы Айым бастап, ғаламтор пайдаланушы жас оқырмандар назарына «Ең касиетті жеміс» атты қазақ халық ертегісін ұсынды. Бұл ертегі жас бүлдіршіндерді адам өміріндегі ең қымбат нәрсе – білім алуға бағыттайды. Адам білімнің нәтижесінде ғана өміріндегі айтулы жетістіктерге қол жеткізе алатындықтарына бағдар береді. Ертегі кейіпкерлері әке мен оның үш ұлы арасындағы әңгіме арқылы жас пайдаланушылар жемістің ең асылы – білім алуға құлшынады.
Айым ертегіні қорытындылай келе, білімді болу үшін кітапты көп оқу керектігін айтып, кітапханаға жазылуға, кітап оқуға кеңес берді.
Құрметті оқырман, біздің жобаға Сіз де қатысып, сүйікті ертегіңізді жас оқырмандарға айтып беруге мүмкіндігіңіз бар. Біз Сізді Абай кітапханасының Балалар әдебиеттері бөлімінде күтеміз! Жыл соңында Сіздер ұсынған ертегілердің ең қызықтысы сертификаттармен және алғыс хаттармен марапатталады. Ертегі кейіпкерлерінің қызықты бейнелері сомдалған ертегілерімізді жас бүлдіршіндерге айтып беруге асығайық!