Сұлулық әлемін жасаушылар: кездесу
Мамыр айының 20-шы жұлдызында Абай атындағы кітапхана 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында «Сұлулық әлемін жасаушылар» тақырыбында өнер майталмандарымен арнайы кездесу өткізді.
Шарада Қазақстанның Халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай, танымал суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері кафедрасының профессоры Нұрбұлан Өтепбаев, белгілі қолөнер шеберлері Архат-Фарида Оразғалиевтер мен Сәкен Назархан, мүсінші Нұрбол Қалиев, архитектор Асхат Бакиров және өлкетану музейінің қызметкері Садықова Шынар қонақ болды.
Белгілі режиссер Ерсайын мырза өзінің шығармашылығына көбіне Алаш тақырыбын, сонымен қатар орыстың ақыны С.А. Есенниннің өміріне және өнеріне қатысты дүниелерді арқау ететінін жеткізсе, сәулетші Асхат Бакиров қазіргі қаланың сәулет ғимараттарының ерекшеліктері, ғимарат келбеттерінде заманауи ұлттық нышан мен нақыш көрінісінің болуына назар аудару, инновациялық шешімдердің, жаңа технологиялардың көптеп енуіне көңіл бөліну қажеттігі жайында сөз қозғады.
Жас мүсінші Нұрбол Қалиев өзінің Семей қаласына қойған ескерткіштері мен олардың жасалу ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы уақыттағы жоспарларына тоқталды. Еліміздің астанасы мен Қарағанды қаласында Ақселеу Сейдімбековтің ескерткішін жасайтынын тілге тиек етті.
Ал, суретші Н.Өтепбаев Құнанбай әулеті жайында салып жүрген топтамалары жайлы баяндап, салу техникасы жайлы баяндады. Қолөнер шеберлері Архат-Фарида Оразғалиевтер мен Сәкен Назархан қалай шабыттанатынын, бір басталған дүниені жасап шығуға қанша уақыт кететінін, көзмайын тауысқан туындының қалай бағаланатынын айта келе, өздерімен ала келген қолөнер бұйымдарынан көрермен назарына ғажайып көрме ұсынды.
Музей қызметкері Ш.Садықова музей саласында атқарып жатқан қызметінің қыры-мен сырына тоқталып, әріптестерін айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиынға кітапханамыздың оқырмандары мен М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің студенттері қатысты.
Қонақтарымыз өздерінің шығармашылықтағы өткен жолдары, жеткен жетістіктері және алдағы жоспарлары жайында айта келе, оқырмандарымыздың көкейіндегі барлық сұрақтарға түбегейлі жауап беріп, зор ықыластарына бөленді.