Қазақтың алғашқы білікті заңгері Райымжан Мәрсеков: ұрпақтарымен кездесу
Абай атындағы әмбебап кітапхананың әдемі дәстүрлерінің қатарына жататын ұлт зиялылары, алаш арыстары ұрпақтарымен байланыс жасау жалғасын табуда. 27 мамыр күні кітапханамыздың қадірлі қонақтары алаш зиялысы Райымжан Мәрсековтың туысы Кәкімжан Қаженұлы және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, отставкадағы подполковник Шаймардан Қалиакпаров пен мәдениеттанушы, өнертанушы Құсмілия Жырғалыұлы қаламыздағы педагогикалық колледждің студент жастарымен кездесу, сұхбаттасу шарасына қатысты.
Еліміздің тәуелсіздігі жолында соңғы қасық қаны қалғанша жан аямай күрескен аяулы тұлға Райымжан Мәрсеков пен қатар жазықсыз жапа шеккен туған інісі Шерияздан және де әкелері қуғын-сүргін құрбаны болған сәттен кеңестік қоғамның «жауының» балалары айдарын арқалап, ауыр тағдыр кешуге мәжбүр болған ұрпақтарының бастан кешкендері кездесудің басты тақырыбы болды. Қилы тағдырды арқалаған ұлт зиялысының көзі тірі ұрпақтары ата-аналары мен туыстарының басынан өткерген қуғын-сүргіннің ауыр жағдайларын шара қатысушыларына әңгімелеп берді. Шаймардан Қалиакпаров ұлт зиялысы Райымжан Мәрсековтың билік тарапынан алаштықтарға кешірім беріліп, кеңестік қызметке тартылғанда, Қытайға өтіп кетер алдында қаламызда атқарған соңғы қызметі жайлы әңгімеледі. Райымжан Мәрсекұлы алашшыл, «халық жауы» деп танылған соң бүкіл әулеттің көрген қиыншылығы Кәкімжан Қаженұлының әңгімесіне арқау болды. Құсмілия Жырғалыұлы Абайды танудан бастау алған қазақ ренессансы туралы айта келіп әңгімесін Семей қаласындағы тарихи орындар, олармен байланысты тарихи оқиғалар, ұлтқа қызмет еткен тұлғалар мен олардың атқарған қызметі жайлы сирек кездесетін құнды деректермен толықтырды. Шарада арнайы дайындалған слайд көрсетілімі ұсынылды. Шара қонақтарына дәстүрге сай кітаптар сыйға тартылып, тағылымды іс-шара жастарымызға үлкен ой салар деген үмітпен кездесуімізді қорытындыладық.