31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні: ретро көрме
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай кітапханамызда мамырдың 27 күні «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» ретро көрмесінің ашылу салтанаты болды. Алаш туын тіккен Семей топырағында қайраткерлік қырларымен танылып, елді ұйыта білген ұлт зиялыларының көзі тірісінде жария көрген шығармалары ретро көрмеден лайықты орын алды. Кітапханамыздың аса құнды сирек басылымдарының «алтын қорын» құрайтын баспа туындылары шараға қатысушы жастардың қызығушылығын оятып, танымын кеңейткен көрме жәдігерлері болды. Ә. Бөкейханның, Р. Мәрсекұлының, М. Дулатұлының, Ә. Ермекұлының, Ж. Күдеріүлының, А. Сейітұлының. Ж. Тілеуліұлының, А. Мамытұлының, Х. Жүсіпбекұлының, Т. Арыстанбекұлының, Қ. Басымұлының, Қ. Жұбанұлының, І. Жансүгірұлының, Б. Майлыұлының, С. Сейфоллаұлының, Т. Рысқұлұлының, Х. Досмұхамедұлының, С. Асфендиярұлының 20 ғасырдың 20-30 жылдары жария көрген шығармалары әрқайсысы ғылымда ойып алар орны бар ерекшелігімен студент жастардың назарын өзіне аударды.
Еліміздің жарқын болашағы үшін күресіп, сол жолда құрбан болған ұлт зиялыларының аса білімділігі, қажырлы қайраткерлігі, ұйымдастырушылық қабілеттері мен жоғары біліктілігі, өнегелі өмірлері мен мықты ұстанымы жастарға үлгі болары сөзсіз.