“Мартин Иден» – Д. Лондон: Диалог клубының отырысы
Абай атындағы кітапханада 18 мамыр күні «Диалог» әдеби клубының отырысы өтті. Бұл кездесуге америкалық жазушы Д. Лондонның «Мартин Иден» әйгілі романы таңдалынып алынды. «Мартин Иден» – америкалық жазушы Джек Лондонның автобиографиялық романы. Көп тұсы автобиографиялық бұл романның өн бойында жазушының тұлғасы, оның дүниенi қабылдауы, шығармашылық туралы ойлары, жазушы еңбегiн түсiнуi әдемi де әсерлi әрi жарқын көрiнiс тапты. Роман, шын мәнiсiнде, жазушы үшiн «өмiр кiтабы» болып шықты.
Кітапты талқылау барысында клуб мүшелері ерен еңбектiң арқасында жазушылық даңқтың шырқау шыңына көтерiлген қарапайым теңiзшiнiң тарихына Д. Лондонның өз өмiрiнiң көп сәттерiн енгiзгенi жайында айта отырып, басты кейіпкердің табанды еңбектің нәтижесінде мақсатына ұмтылғаны жайында сөз қозғады. Бұл романда ауқатты отбасынан шыққан білімді қызға сезімі оянған жас жігіттің әйгілі жазушы болу жолы суреттеледі. Клуб мүшелері қажырлы еңбектің арқасында осындай шығармашылық жолға түскен Мартиннің табандылығын негізгі ала отырып, өз мақсатына жету жолында ешбір адам мойымау керектігін атап өтті.