Ахмет Байтұрсынов – ұлттың рухани көсемі: әдеби портрет
21 қыркүйекте «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы және «Алаш» жобасын жүзеге асыру аясында Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері Семей қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінде қазақтың ұлы ақыны, ағартушы-лингвисті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай әдеби портрет ұйымдастырды.
Шара барысында жиналғандар Қазақстандағы Тілдер күні мерекесінің тарихымен және маңыздылығымен танысты. Кітапхана қызметкері қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығының көпшілік біле бермейтін тың деректерді баяндады.
Әдеби портрет барысында қатысушыларға «Ұлыстың ұлы ұстазы» атты слайд-презентациямен және Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен қызықты мәліметтер бейнеленген бейнебаян көрсетілді.
Аталмыш іс-шараны Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», «Әдебиет танытқыш», «Тіл тағылымы», «Ақ жол» сынды басылымдары мен «Ахмет Байтұрсынов» туралы кітаптардан жасақталған кітап көрмесі толықтырды.
Шара соңында медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен қатысушылар ұйымдастырылған қызықты іс-шара үшін кітапхана мамандарына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, мемлекет және саяси қайраткері, Алаш арысы, қазақтың тұңғыш кәсіби заңгері Райымжан Мәрсековтың немересі Сара Төлегенқызы ұлы тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.