Ш. Мұртаза «Ай мен Айша» романы: оқырмандар конференциясы
2022 жылдың 7 қазанында қабырғалы қаламгер Ш. Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай жазушының «Ай мен Айша» романы бойынша Абай атындағы кітапханада оқырмандар конференциясы өтті. Іс-шараға Шәкәрім университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты жазушының әлем әдебиетіне қосқан үлесі, аталмыш романның мазмұнымен таныстыру, шығарманың басты кейіпкері – Барсхан бейнесін ашу, оның өмірін келешек ұрпаққа үлгі ету және романның тарихилығын талдау болып табылды.
Іс-шара барысында роман желісіне жалпылама шолу жасалып, А. Омарханқызы, Р. Қойшанқызы бастамасымен Шәкәрім университетінің 4 курс студенттері Ж. Қажиева, Д. Баекенова, К. Сейітбек, Д. Жұмақанова және Т. Еженхан жазушы шығармашылығы жайында, роман туралы баяндамалар жасап, әңгімеге арқау болған басты кейіпкерлер образына талдаулар жасалды.
Роман еш боямасыз, өмірде болған оқиғаны баяндайды, яғни зұлмат жылдар зары мен Ұлы Отан соғысы кезеңдерін көз алдыңызға алып келеді. Бұл жазушы шеберлігі, әрі өз басынан өткен балалық шағы, тағдыры. Романдағы Барсхан бейнесі, жазушының өзі… Конференцияда романның тарихилығы алға тартылып, ғылыми сараптамалар ортаға салынып, қатысушылар ішкі түйсіктерімен бөлісті.
Шараға қатысушы студенттер «Ай мен Айшаға» заманауи тұрғыдағы көзқарастарын білдіріп, романдағы қатал тағдырды мойымай көтере білген соғыс жылдарындағы әйелдер образына, әсіресе Айша бейнесіне ерекше тағзым білдірді. Іс-шара соңында конференцияны пысықтау мақсатында жазушы шығармашылығы жайында сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Анасына сөзбен ескерткіш орнатқан жазушы – Шерхан Мұртаза жайында оқырманның айтарлары әлі де көп-ақ…