Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы: бейнелекция
2022 жылдың 12-ші желтоқсан күні облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен «Алаш» жобасы аясында, ZOOM платформасында жазушы, алаштанушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Елдос Тоқтарбаймен «Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында арнайы бейнелекция өтті.
Дәріс басын қонағымыз осыдан 105 жыл бұрын, 1917 жылы 12 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде Алаш Орда үкіметін құрылғанын, біздің бейнелекциямыздың сол күнмен тұспа-тұс келгенін айтып бастады.
1917 жылдың 12 желтоқсанынан 1920 жылдың 5 наурызына дейінгі аралықта небәрі екі жарым жыл өмір сүрген Алаш мемлекеті, Алаш Орда ұлт кеңесі қазіргі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің саяси платформасы болған, мемлекет пен саяси билік ұғымының негізін қалады деген тарихи дерек келтірді.
Өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, білім алуға және бұқараны ағартуына шақырған. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлының рухының алдында мұқым қазақ-қырғыз баласы мәңгі қарыздар екенін тілге тиек етті.
Алысты мысал қылмай-ақ тек Өзбек ағайынды алайық: тарихи тұлға, мемлекет негізін салушы — Әмір Темір, ұлттық ғалымы — Ұлықбек, ұлттық ақыны — Әлішер Науай. Міне, ұлттық болмыс пен идентификация. Біздің елгеде дәл солай Ахмет сынды ұстаздарымыздың атын жоғары дәрежеде көтеріп, олардың зерттелмеген сан алуан қырын айшықтауымыз керек деген тұжырым білдірді.