Қоғам және мемлекет қайраткері: танымдық сағат
24 қаңтар күні Бизнес және сервис колледжінде Абай атындағы кітапхана мамандары Кешірім Бозтайұлы Бозтаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қоғам және мемлекет қайраткері» атты танымдық сағатын өткізді. Жиналған қауымға К.Бозтаевтың балалық және студенттік шағы таныстырылып, оның Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатындағы еңбек жолының басталуы, Семей облысын басқарған кездегі еңбек жолының шыңы туралы толығырақ айтылды. Танымдық сағатта оның Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы рөліне баса назар аударылып, жиналғандарға оның 1989 жылғы ақпанның 20-сы күні Мәскеуге, СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы М.С.Горбачевқа полигон тұрғындарының қасіретін және тек Семей қаласының ғана емес, сонымен қатар оған іргелес аумақтардың табиғаты мен экологиясына келтірген залалын нақты деректер негізінде түсіндіріп, ядролық сынақтарды жедел тоқтату туралы өтінішпен жазған жазбаша үндеуінің үзіндісі оқылды.
Іс-шара барысында кітап көрмесіне шолу жасалды, атап айтқанда, Қ.Б.Бозтаевтың «Семей полигоны», «Адам және атом», «29 тамыз», «Қайнар синдромы» кітаптары, сондай-ақ Семей ядролық полигоны жайлы «Қазақстанның ядролық қасіреті», С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» және басқа да көптеген кітаптар таныстырылды.
Студенттер «Кешірім Бозтаев – Семей ядролық полигонын жапқан адам» және «Радиациядан кейінгі өмір.Семейдегі ядролық полигондағы сынақтардың қорқынышты салдары» атты бейнероликтерге үлкен қызығушылық танытты.