Бөкей күйшілік мектебі және Құрманғазы: онлайн-дәріс
3 ақпан күні облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай ZOOM платформасында «Бөкей күйшілік мектебі және Құрманғазы» атты онлайн-дәріс өтті.
Шараның арнайы дәріскері Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Орынғалиұлы Сертеков болды.
Нұржан Орынғалиұлы Бөкей күйшілік мектебінің мәдени ошақ ретінде қалыптасу тарихы, осы мектептен шыққан халықтың мұң-мұқтажын күймен жеткізген атақты күйші бабаларымыз Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Оразалыұлы, Мәмен Ерғалиұлы жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, күй атасы Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат берілді. Құрманғазы жеті рет істі болып, жала жабылып, темір торға тоғытылып, түрменің азабына шыдай отырып «Түрмеден қашқан», «Ертең кетем», анасына арналған «Қайран шешем» деген күйлерді шығарғандығын тілге тиек етті.
Дәріс барысында Құрманғазы Сағырбайұлының қазіргі таңда нотаға түсірілген күйлері мен оның тарихы жайында жіктеліп айтылды. Бөкей күйшілік мектебінің өкілдері және сол мектептің күйлерін бүгінге жеткізушілердің орындау мәнері мен шеберлігі туралы баяндалды.
Іс-шара соңында спикер қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, кітапхана ұжымымен шығармашылық қатынаста болуға ниет білдірді.