Ауғанстан ардагерлеріне тағзым: кездесу кеш
2023 жылдың 10 ақпанында кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Републикасы аумағынан шығарылғанына 34 жыл толуына орай Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Ауғанстан ардагерлеріне тағзым» атты Ауғанстанда әскери борышын өтеген интернациоалист-жауынгерлермен кездесу кеші өтті.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері, біздің жерлестеріміз Асан Нариманұлы Оқапов, Асқар Кунафияұлы Кунафин, Қанат Советқазыұлы Рысқалиев, Жоғары гуманитарлық-заң колледжі, техникалық, радиотехника және байланыс колледждерінің студентері мен оқытушылары, «Отбасы орталығы» қоғамдық қордың директоры Л. М.Асташкина және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараны жүргізушілер кездесуге қатысушыларды Ауған соғысының тарихымен таныстырды, аты аңызға айналған тұлға, Ауғанстанда қызмет еткен кезінде «Қара майор» атанған полковник Борис Төкенұлы Керімбаев туралы, Семей облысының (қазіргі Абай облысы) қаза тапқан жауынгер-интернациолистердің атымен аталған Семей қаласының көшелері жайлы таныстырды. Кездесу қонақтары Ауған жеріндегі әскери қызметтері жайлы, бастарына түскен сынақтар, жауынгерлердің батылдығы, төзімділігі туралы естеліктерімен бөлісті. Қанат Советқазыұлы Ауған соғысы туралы әндер орындады.
Шараға «Ауғанстандағы соғыс хроникасы 1979–1989 жж.», «Қара майор Борис Керімбаев» атты бейнероликтер дайындалды, «Ауған соғысының тарихынан» атты кең көлемді кітап көрмесіне көркем шығармалар мен деректі очерктер, фотоальбомдар, жерлестеріміздің ауған соғысы туралы, жас жауынгерлердің ерліктері туралы мерзімді басылымдардағы мақалалары ұсынылды.
Шара сонында «Отбасы орталығы» қоғамдық қордың директоры Л. М.Асташкина бүгінгі жастарға әскери-париоттық тәрбие беруді күшейту қажеттігін атап өтті, кездесуді ұйымдастырған Абай кітапханасына және келген қонақтарға алғысын білдіріп, зор денсаулық тілеп, қонақтарға сыйлықтар табыс етті.