Мен алғыс айтамын: ақпараттық сағат
2016 жылдан бастап жыл сайын елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні аталынып өтілуде. Осы атаулы күнге орай, жылда 1 наурыз күні шара өткізу кітапханамызда дәстүрге айналған. Биылғы жылы Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған «Мен алғыс айтамын» тақырыбындағы ақпараттық сағатқа қаламыздағы Шәкәрім атындағы университет пен М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің және «Қайнар» колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері Алғыс айту күнінің шығу тарихына тоқталып, бұл мерекенің маңыздылығы мен құндылықтары туралы ақпарат берді. Лаврентий Сон мен Сламбек Тәуекел сценариін жазған «Жерұйық» фильмінен үзінді көрсетіліп, елімізге 1937 жылы депортацияланған кәріс ұлты өкілдерінің тағдыры бойынша сауалдар қойылды.
Тарихшы, этнограф М.Жанболатұлы тарихтың ақтаңдақ беттеріне шолу жасап, өскелең ұрпаққа баба жолын таныстыра отырып, «алғыс айтудың» мән-мағынасын аша түсті. Қазақ халқының қонақжайлылығы туралы баяндады. Жастарды берекелі өмір сүріп, ата-баба жолының жарқын белестерімен жүруге шақырды.
Шарада мерекелік құттықтаулар айтылып, республикалық ән байқауларының жүлдегері Б.Түктібаев әннен шашу шашты.
Аталмыш шараға қатысушылар тақырып бойынша өз ойларын ақ парақ бетіне түсіріп, қатысушыларға оқып берді.
Іс-шара Н.Қашағановтың сөзіне жазылған Ә.Салабековтың «Рахмет саған,Туған ел!» әнін караокеде қатысушылардың орындауымен аяқталды.