Қызым қылығым: ой бөлісу алаңы
1 наурыз – Алғыс айту күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай кітапханамызда «Қызым қылығым» тақырыбында ой бөлісу алаңы өтті.
Мәдени шараға «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері және ҚР ІІМ Көліктегі ПД Семей станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерін 8 – наурыз мерекесіне арнайы дайындалған «Тартымды, әдемі бейне» атты кітап көрмесі қарсы алды.
Алғыс айту күні мен арулар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты қыз балаға ұлттық құндылықты дәріптей отырып, іскерлік қабілеттерін ашуға ықпал ету, қыз баланы ұлт айнасы ретінде жауапкершілігін сезіндіру, бойындағы әдептілік, көріктілік, икемділік, инабаттылық, кішіпейілділік және басқа да қабілеттерді сіңіру.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері Алғыс айту күнінің шығу тарихына тоқталып, бұл мерекенің маңыздылығы мен құндылықтары туралы және Қазақстандағы түрлі ұлттардың тарихы, олардың қоныстануы, қазіргі өмір сүру жағдайы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері туралы ақпараттар берді.
«Дәстүрге жол» қоғамдық қорының басшысы Р.Ахметова осы қоғамға мүше болып, әртүрлі мәдени шараларға қатысып белсенділік танытып жүрген аналар мен әжелерге зор алғыстарын білдірді.
Кешті жүргізуші «Дәстүрге жол» қоғамдық қорының рухани кеңесшісі Бүлдіршін Ғизатқызы әкенің қыз баланы тәрбилеудегі орны жайында әңгіме қозғады. Сонымен қатар, қазақ салт-дәстүрі бойынша қыз баланың өмірінде орын алатын ырымдар, мақал-мәтелдерден сайыстар өткізілді.
Шара соңында қатысушыларға «Дәстүрге жол» қоғамдық қорының атынан әшекей бұйымдардан сыйлықтар табысталды. Ал, ҚР ІІМ Көліктегі ПД Семей станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің тарапынан кешке қатысушы барлық аналарға гүл шоқтары сыйлады.