Көктемнің ұлы мерекесі: ұлттық-танымдық ойын
Ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мерекесі қарсаңында балалар әдебиеттері бөлімі №8 балалар үйінің қызметкерлерімен бірлесіп тәрбиеленушілер арасында «Көктемнің ұлы мерекесі» тақырыбына ұлттық-танымдық ойын ұйымдастырды. Мерекелік шара барысында Наурыз мейрамының тарихы, қазақ ұлттық ойындары, ұлттық киім, ұлттық тағам, жарапазан жайлы ақпараттар берілді.
Балалар викториналарға қатысып, жұмбақтар шешті, өлең оқыды, домбыра үйірмесінің мүшелері қазақ күйін орындап, «Қара жорға» биін бірігіп биледі. Сондай-ақ «Арқан тарту», «Асық ойнау, «Қол күресі», «Теңге алу» және т.б. қызықты ұлттық ойындарын ойнады. Әсіресе, «Асық ату» ойынында Жиенбаев Равиль, Тәңірберген Манас пен Табачинский Андрей өздерінің ептілігін мен дәлдігін көрсетті.
Қатысушылар назарына «Бақ берекем, құт мерекем әз Наурыз» атты ұлттық қол өнер бұйымдарымен бірге жасақталған «Қазақтың ұлттық ойындары», «Жеті қазына», «Бесік жыры – басты жыр», «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер», «Электронды қазақ үйі», «Сен білесің бе?» және т.б. кітаптардан жасақталған экспозициялық кітап көрмесі ұсынылып, шолу жасалды.
Ұлттық ойындарды ойнатып, әр түрлі ойын элементтері арқылы балалардың ой-өрісін, интеллектуалдық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысушылар ерекше белсенділік танытты.
Жас оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырған көңілді кеш соңында балаларға мерекелік дастархан жайылып, қазақтың ұлттық дәмдері ұсынылды. Дастархан мәзіріне демеушілік көмек көрсеткен әріптесіміз, жас ақын Божан Медетке алғысымызды білдіреміз.