Өлкетанушылардың 2022 жылғы олжалары: өлкетану қонақжайы
Абай атындағы кітапханада «Ертіс өңірі» өлкетану қоғамы мен Абай кітапханасының мамандары бірлесіп, «Өлкетанушылардың 2022 жылғы олжалары» атты өлкетану қонақжайын өткізді.
Шараға «Тарбағатай» ұлттық саябағының өкілдері, Электротехникалық колледж студенттері және кітапхана оқырмандары және «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының қызметкерлерінің шақыруымен Жапонияның 11 қаласынан келген делегация қатысты.
«Отбасы орталығы» қоғамдық қорының қызметкерлері делегация құрамындағы кәрістердің көші-қоны мен Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Орталық Азия мен Сібірдегі жапондық әскери тұтқындардың өмірін зерттеумен айналысатын Жапония университеттерінің профессорларымен таныстырды.
«Тарбағатай» ұлттық паркінің мамандары Е.С.Баженов және Н.Б.Абайхан танымдық демалыс үшін әзірлеген «Әлет», «Қарабас», «Әлемді», «Құсақ» төрт туристік маршруттар туралы баяндады.
Өлкетану шарасының негізгі бағдарламасы өлкетанушы ғалымдардың 2022 жылы Бесқарағай ауданындағы Стеклянка, Белокаменка ауылдарындағы Көкентау тауынан табылған олжаларымен таныстыру болды.
Қатысушылар назарына тас құдық, 18-19 ғасырлардағы көне мазарлар, охрамен боялған жазулары бар гроттар, біздің дәуірімізге дейінгі II-ші мыңжылдықтағы мегалиттік кешен (Менхирс-тастар) және 6-8 ғасырлардағы көне түркі дәуіріндегі әйел мен бала мүсіндері бейнеленген балбалдар, көне еңбек құралдарын жасаудан қалған көптеген үлпек, қырғыштар, өзектері бар қорымдар туралы мәліметтер ұсынылды. Тағам дайындауға арналған, нүктелі ою-өрнекпен безендірілген қазан және Ертіс жағалауындағы «Святой ключ» аймағынан табылған мамонт сүйектері туралы берілген ақпараттар қатысушылар үшін өте қызықты болды.
Шара барысында «Ертіс өңірі» қоғамы Жапониядан келген қонақтарға қаламыздағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы жарыққа шығарған «Семей – қаламыздың тарихы» атты кітабын және соғыстан кейінгі жылдардағы Сахалиндегі жапон диаспорасы бейнеленген 1950 жылдардағы фотосуретті сыйға тартты.
Іс-шараның соңында студенттер ежелден келе жатқан охра бояуын жасау және тастарға сызбалар салуға қатысып, экспедиция сапарларында жасалған фотосуреттерді тамашалады.