Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос: сұхбат- әңгіме
Абай атындағы облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында «Біріңді қазақ, бірің дос. Көрмесең істің бәрі бос» атты сұхбат- әңгіме өткізілді.
Желідегі жиынның қонағы «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбекұлы болды.
Сұхбат барысында қонағымыз өзінің жастық шағынан сыр шертіп, сол замандағы жалындаған барша жастар сияқты арман қуып Алматыға келгенін, жастардың қаласында жүріп Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мықты азаматтармен танысқанын баяндады.
Абай елінің ардақты азаматтары Жәнібек Кәрменов, Төлеген Жанғалиев және т.б. тұлғалармен замандас болып, қатарлас оқу оқығандарын әңгімеледі. Ол кездегі жоғарғы оқу орнына түсу қиын болғандықтан қатарлас оқыған азаматтардың жас ерекшеліктері әртүрлі болды, бірақ сол тұста бірге оқыған жастардың көбі осы күні қазаққа аты мәлім тұлғаларға айналды деді қонағымыз.
Жанұзақ Аязбекұлы сөзін әрі қарай қатысушылардың сұрағына арқау болған латын әліпбиі жайлы айтып жалғады. Шет тілін мектеп қабырғасыннан оқып үйренген жас буын үшін бұл латын қарпын меңгеру аса қиындық тудырмайды, ал аға буын үшін мұның сіңуі біраз уақыт пен табандылықты талап етеді деді. Кеңестік дәуірден бойымызға сіңіп алған кириллицаны латын әріпімен алмастыру үшін жұмыла атсалысуымыз керек, алайда мұның нәтижесін көре алмаймыз деп түйіндеді ойын.
Сонымен қатар қонағымыз Қостанай өңіріндегі қазіргі жас ақындар мен қаламгерлердің шығармашылығы, олардың кітаптарын басып шығаруға жасап жатқан қадамдары жайында тілге тиек етіп, өзі қазіргі таңда қызмет атқаратын «Қостанай таңы» газетінің бүгінгі хәл-ахуалы жайында әңгімелеп берді.
Шараның соңында Жанұзақ Аязбекұлы бүгінгі қоғамда үлкен орын алатын мәдени орынның бірі кітапхана екенін, және сол кітапханада жұмыс істейтін кітапханашылардың жаңа заман жастарын тәрбиелеуде рөлі зор екенін айта келе, барша кітапханашы мамандарға ыстық ықыласын білдірді.