Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті: кітап көрмесіне шолу
6 сәуір күні Абай атындағы кітапханада Шәкәрім университетінің студенттеріне арналған «Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті» атты кітап көрмесіне шолу өтті. Сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамға зиянды құбылыстың сан ғасырлық даму тарихын студенттер қызығушылықпен тыңдады. Сыбайлас жемқорлық туралы алғаш рет біздің дәуірімізге дейінгі XXIV ғасырдан бері айтылып келе жатқанын, әлемдегі барлық діндер өздерінің қасиетті кітаптарында сыбайлас жемқорлықты адам санасын, жалпы қоғамды бұзатын әлеуметтік зұлымдық деп белгілейтінін білді. Жиналғандар Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тарихына, билер сотына, сыбайлас жемқорлықты әлеуметтік зұлымдық ретінде айыптаған қазақтың әдет-ғұрып заңдарына ерекше қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, студенттерге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жазаларды қарастыратын заманауи заңнама нормалары таныстырылды.
Кітап көрмесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тарихи-құқықтық нормаларын қамтитын Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, сондай-ақ Е. Алаухановтың «Сыбайлас жемқорлықпен күрес», И.Ш.Борчашвилидің «Коррупционные преступления: закон, теория и практика», Б.А.Жетпісбаеваның «Стратегия борьбы с коррупцией», «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері» және т.б. кітаптар ұсынылды.