Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік Кебек» поэмасы: оқырмандар конференциясы
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы ұсынған «Кітап-шоу» фестивалі аясында ұйымдастырылған шаралар циклі Ш.Құдайбердіұлының «Еңлік Кебек» поэмасы бойынша оқырман конференциясымен жалғасын тапты.
Оқырмандар конференциясына келген қаламыздағы №16 және 45 орта мектептердің 10 сынып оқушыларын Ш.Құдайбердіұлының шығармашылығын таныстыруға бағытталған кітап көрмесі қарсы алды.
Конференцияны ұйымдастырушылар «Еңлік-Кебек» поэмасының жазылу тарихына тоқталып өтіп, Шәкәрім қаламынан туған екі жастың махаббатын жыр ететін кесек туынды екенін атап өтті.
Оқырмандар конференциясы барысында №16 орта мектептің 10 сынып оқушылары поэмадағы адам тағдыры, бір-біріне ғашық болған жастардың адал махаббат жолындағы күресі, рушылдық құрбаны болған екі жастың қайғылы тағдыры жайлы баяндады. Оқушылар оқиғаның орын алған уақыты, поэманың көтерген мәселесі, қос ғашықтың трагедиясы сынды поэма желісі бойынша сұрақтарға жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Сол кездегі ру арасындағы талас-тартыс, ақын поэмасының адам болмысының қыр-сырынан сыр шертуден басталып, кісі бойындағы достық, махаббат, ақыл-парасат жайлы толғайтынына тоқталады.
Конференция барысында №45 орта мектептің 7 «а» сынып оқушысы Мақсатов Ерасыл Абай өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Шығарманы талдауға белсене қатысқан Айдана Нұрланова, Баян Зарипова, Камила Қасымбекова, Мади Тоқтархан, Алдияр мен Мадияр Мақанқажы сынды мектеп оқушыларына алғыс айтылды.