Тамыздың жиырма тоғызы: кітап таныстырылымы
Абай атындағы кітапхананың қоры «Тамыздың жиырма тоғызы» атты жыр өзегі – Семей сынақ полигоны: қазақ поэзиясының антологиясымен толықты. Бүгін кітапханамызда Қазақстан Жазушылар Одағы Абай облысының бөлімшесімен бірлесіп «Тамыздың жиырма тоғызы» атты антологияның тұсаукесері ұйымдастырылды.
Кітапты құрастырған Гүлмира Сұлтанғазықызы Мусинова баяндама жасап, бұл антологияға Семей сынақ полигоны тақырыбында қалам тербеген ақындарымыздың өлеңдері, толғаулары мен поэмалары топтастырылып отырғандығын жеткізді. Анталогияға енген ақындарымыз замана шындығын, адам мен табиғат трагедиясына айналған, қазақ елін ғана емес, күллі әлемді алаңдатқан, Семей қасіретін жыр жолдармен, көркем тілмен өрнектегендігін баяндады. Көпшілік оқырман қауымға арналған антолгияға Ұлықбек Есдәулеттің, Мерғали Ибраевтың, Н.Айтовтың, Бауыржан Жақыптың, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың, Мұратбек Оспановтың, Темірхан Медетбектің, Ақберен Елгезектің және т.б. ақындарымыздың өлеңдерінің енгендігі жайлы айтты.
Кітаптың жалпы редакциясын басқарған, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов Семей полигонының тарихы мен трагедиясы, Семей трагедиясын шынайы суреттейтін өлеңдер, арнаулар, толғаулар мен поэмалар тұңғыш рет бір жинаққа топтастырылып отырғандағын және антологияға енген ақындардың өлеңдері жайлы өз пікірін білдірді.
Шараға қатысқан Alikhan Bokeikhan University студенттері антологияға енген Ұлықбек Есдәулеттің, Бауыржан Жақыптың, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың өлеңдерін оқыды.
Alikhan Bokeikhan University оқытушылары мен кітапхана әкімшілігі кітапты құрастырған Гүлмира Сұлтанғазықызына алғыстарын білдіріп, оқырманға жол тартқан кітап оқырманының көп болуына тілектестіктерін білдірді.