Сыйға берілген кітаптар
12 желтоқсан «Алаш» қозғалысының құрылған күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы жаңа кітаптармен толықты.
Еліміздің тұңғыш сауатты ұлдарының бірі – Жакула Күшікұлының 150 жылдығына арнайы басылып шығарылған А.Сағындықұлының құрастыруымен дайындалған «Жәкула болыс» және Сыдықов Мүсәйіптің «Жәкула және оның заманы мен замандастары» кітаптары өлке тақырыбындағы құнды басылымдар болып табылады.
Бұл кітаптарда 20-30 жылдары қуғын сүргінге ұшырап, «Алашордашыл» атанып, НКВД тарапынан қудалауға ұшыраған айтулы тұлға Жәкула Күшікұлының өмірдеректері туралы деректі материалдарға негізделген тарихнама баяндалады. Басылымдарда келтірілген Жәкуланың туған елі, атажұрты, туған жылы туралы құнды мәлметтер мұрағат құжаттарынан алынған. Сонымен бірге бұл басылымдарда Жәкула Күшікұлыны келіні Батима Жакулинаның, Қ. Жұмаділовтың, С.Жанболатовтың, А.Кәріпжановтың Жәкула Күшікұлы туралы, жалпы «Алаш» қозғалысы, өткен ғасырда ұлтымыз кешкен нәубетті, қазақ халқының күрескер рухы туралы сөз қозғалады. Жәкула Күшікұлы 1863 жылы дүниеге келіп, 1881-1885 жылдары Омбы Фелдшерлік мектебін тамамдаған соң әскери дәрігер, губерния хатшысы, Тарбағатай өңірінде көзі ашық, көкірегі ояу болыс болған .
Осы басылымдарды Абай атындағы кітапхана қорына сыйға тартқан Жакула болыстың немересі Асқар Әнуарұлы Жакулин. Кітап қорын толықтыруға қолғабысын тигізген А.Ә. Жакулинге ризашылығымызды білдіреміз.