31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні: кең көлемді кітап көрмесі
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай кең көлемді кітап көрмесімен таныстыру шарасы өткізілді. Қаламыздың “Innoverse Semey” ЖШС жалпы білім беретін мектебінің оқушылары кітапханамыздың Алаштану орталығында болып, Семей жерінде Алаштың туын тіккен, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбек жолынан терең ақпараттар алды. Кітап көрмесінің мақсаты: оқырмандарға Еліміздің Тәуелсіздігі үшін күресіп, туған елінің әлемдегі өзге де мемлекеттермен терезесі тең ел қатарында өмір сүріп, дербес ұлттық мемлекет ретінде шаңырағын көтеруді мақсат тұтқан және сол жолға ғұмырларын қиған ұлт зиялылары – Алаш арыстарының асыл мұраларымен жас ұрпақты жақын таныстыру.
Шараға қатысқан оқушы жастардың назары кітапханамыздың аса құнды сирек басылымдарының «алтын қорын» құрайтын ұлт жанашырларының көздері тірі кезінде баспадан жарық көрген шығармаларына ауып, кітапхана қызметкерлері жасаған «Алаш» электронды кітапханасы арқылы қолжетімді екенін біліп, кеңінен танысуға болатынын біліп өз қуаныштарын жасырмады. Көрмедегі Ж.Тілеулиннің «Жұқпалы науқастар», «Гигиена», Міржақып Дулатовтың аудармасында жазылған «Кәсіпшілер одағының қызметі», Х.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі», «Как бороться с чумой среди киргизского народа» кітаптары мен Әлімхан Ермековтың «Ұлы математика курсы», сонымен қатар биолог-ғалым Жұмақан Күдериннің «Өсімдіктануы» оқырмандар назарын өзіне тартқан құнды жәдігерлер қатарында болды.
Ұлт зиялыларының аса білімділігі, қажырлы қайраткерлігі, ұйымдастырушылық қабілеттері мен жоғары біліктілігі, өнегелі өмірлері мен мықты ұстанымы жастарға үлгі екенін көңілдеріне түйген жастар аса бір тебіреніспен тарқады.