Тылсым күш иесі – Баянбай әулие: онлайн-лекция
Ағымдағы жылдың 16 маусымда Абай атындағы кітапхана Жарма ауданы әкімдігінің аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп, ZOOM қосымшасында «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында, Қазақстанның халық емшісі, халықаралық дәрежедегі емші Сағындықов Амангелді Кәрімханұлымен «Тылсым күш иесі – Баянбай әулие» тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.
Дәрісті Жарма аудандық орталықтандырылған кітапхана маманы Жарма ауданынан шыққан таңымал тұлғалар туралы айтып барып Баянбай әулие ұрпақтары: Амангелді Кәрімханұлы мен Фархат Амангелді ұлдарымен таныстырды.
Шара барысында халық емшісі, әулиенің ұрпағы Амангелді Кәрімханұлы Баянбай ата туралы ақпарат берді. Әулие қажы Байыс Баянбай ата (1861-1924) – тылсым күш иесі, Құран Кәрімді жатқа білген, Ұлы Меккеге 5 рет барған, 63 жасында қайтыс болған. Ол зор бақсы болып, өмірін Аллаға қызмет етуге және адамдарға риясыз көмек көрсетуге арнаған. Ол өте дана, өзінің дұғасымен жаңбыр жаудыратын, өзеннің ағысын кері арнаға бұра алатын, сонымен қатар, өзі ұшатын, аң-құстың тілін білетін ғажайып қасиеті болған. Нұр дейтін ашық жерде әулие үш күн, үш түн бойы жын-перілермен айқасып, жеңіске жеткен деген аңыз бар. Сол кезден бері халық аузында Баянбай атаның халықты ауыр дерттен, қиыншылықтан айықтырғанын айтады. Бұл ғажайып мекен сиқырлы күшке ие және шеңбер түрінде 99 қазықпен қоршалған. Айтуларынша, Баянбай ата бейітінің басындағы дұғадан кейін барлық қиыншылық басылып, жолың ашылып, ісің оңға басады екен. Танымал спорт саңылағы Ольга Рыпакова да Баянбай әулие басына жиі барып тұратынын Фархат Амангелдіұлы тілге тиек етті.
Сонымен қатар, тыңдаушыларға өзінің емшілік дарыны туралы, қазіргі таңдағы сол мекеннің атқарып жатқан жұмыстары жайында танымы мол мағлұмат ұсынып, қатысушылардың сұрақтарынына жауап беріп, шара тартымды әсермен өз мәресіне жетті.