Ер дәулеті – еңбек: кең көлемді кітап көрмесі
20 қыркүйек күні Абай атындағы кітапханада елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күніне орай «Ер дәулеті – еңбек» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ордабаев Олжас Темірбекұлымен кездесуге келген қатысушыларға арнайы ұйымдастырылды. Көрермендерге кітап көрмесіне қойылған еңбек заңнамасы, еңбек заңнамасының даму тарихы, ұжымдағы еңбек қатынастарын реттеу, еңбекті қорғау және халықты әлеуметтік қорғау туралы басылымдар мен еңбек туралы көркем әдебиеттер таныстырылды. «Еңбек кодексіне түсініктеме», Н.А.Абузяровтың «Еңбек құқығы», «Қазақстан Республикасындағы шарттық қатынастар», Б.А. Рахметовтың «Персоналды басқару» және басқа да көптеген кітаптар мен мерзімді басылымдар көрменің тақырыбын аша түсті. Көрмеге келушілер Қазақстан Республикасының Еңбек Заңнамасы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше рет жаңартылғанын білді. Одақ құрамынан шыққанға дейін елімізде 1972 жылы қабылданған Қазақ КСР-нің Еңбек кодексі болды. 1991 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 1999 жылы қабылданғанға дейін 1995, 1997, 1998 жылдары Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді. Еңбек ұжымындағы келісім-шарттық қатынастар және персоналды басқару тақырыптарын қамтитын кітаптар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.