Қазақ детективінің атасы Кемел Тоқаев: кітап көрмесі
2 қазан жазушы, детектив жанрының дарабозы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осы мерейтойлы күнге орай Абай атындағы кітапханада «Қазақ детективінің атасы» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кемел Тоқаев – соғыс тақырыбына арналған сүбелі шығармаларымен қатар, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жолын ашқан қаламы қарымды көрнекті жазушы, оқырманды баурап алар шытырман оқиғалы көптеген роман, повестерімен қалың қауымның ықылас-ілтипатына бөленген қаламгер.
Көрмеге Кемел Тоқаевтың «Көмескі із», «Солдат соғысқа кетті», «Түнде атылған оқ», таңдамалы шығармалар жинағының 5 томдығы, «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Кемел Тоқаев» кітабы және М. Асан «10 мыңыншы нөмірдегі олжалы белестер», А. Ашири «Әр күні адам болып өмір сүрдік», М. Әбіш «Детективтің дарабозы», Ә. Әйтілеуұлы «Кемел ағаның қимас досымен кездесуі», М. Әкімжанов «Жақсылығын жар салмаған жан», Ә. Әліәкбар «Қазақтың Конан Дойлы және бүгінгі қазақ детективінің жай-күйі», Қ. Әлім «Кемел мен Әзілхан» «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Заң» газеттерінде жарияланған мақалалар қойылды.
Көрмені тамашалауға қаламыздағы Радиотехника және байланыс колледжінің және Р.Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжінің 1 курс студенттері келді. Шара барысында кітапхана қызметкерлері Кемел Тоқаевтың өмірбаяны, шығармашылық жолы жайында ақпараттар беріп, қазақ детектив жанрының дарабозы Кемел Тоқаевтың кітаптарымен танысуға шақырды.