Мұзафар Әлімбаевтың әдеби ғасыры: портрет кеш
Балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері жас бүлдіршіндердің сүйікті қаламгері Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай, ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында №38 орта мектептің 4 «Д» сынып оқушылары арасында «Мұзафар Әлімбаевтың әдеби ғасыры» атты портрет кешін ұйымдастырды.
Балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев «Балдырған» балалар журналының негізін қалап, қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты. Ақынның өлеңдеріне 180-нен астам ән жазылып, ел аузына таралды, 70 төлтума және аударма кітаптардың авторы, шығармалары 20 тілге аударылған.
Кеш барысында балдырғандарға жазушының өмірі, шығармашылығы және балалар әдебиетіне қосқан үлесі жайлы баяндалып, «Мұзафар Әлімбаев: «Өлеңім сыйым-халқыма» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, оқушылар жазушының өлеңдерін жатқа оқып, жұмбақтар шешті, қырғыз ертегісі желісімен жазылған «Түлкі мен құмырсқа» ертегісін тамашалады, Ахметжанова Медина орындаған халық күйі «Нәр ағаш» та тыңдармандар көңілінен шықты.
Шара соңында жазушының «Балдәурен, шіркін, балалық», «Ана тіліне тағзым», «Үлкендерден үйреніп», «Алақай, балақай» т.б. шығармалар жинақтары мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар және Мұзафар Әлімбаев алғашқы редакторы болған «Балдырған» журналына 65 жыл толуына орай журналдар топтамаларымен жасақталған «Бала деп соққан бауырмал жүрек» атты көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Сондай-ақ шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқаны үшін сынып жетекшісі Нукубаева Күләш кітапхана әкімшілігі тарапынан алғыс хатпен марапатталып, белсене қатысқан оқушыларға кітаптар сыйға берілді. Балдырғандар ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Маралдым» өлеңіне жазылған сазгер Әсет Бейсеуовтің әнін орындап, жақсы көңіл күймен тарқасты.