Сіздермен мақтанамын, менің Қазақстаным: танымдық-ойын сағаты
25 қазан – Қазақстанның Республика күнін тойлау аясында балалар әдебиеті бөлімінің қызметкерлері Республика күнінің маңыздылығын дәріптеу мақсатында Абай облысы білім басқармасының «Семей қаласының қиын өмір жағдайындағы балаларды қорғау орталығы» тәрбиеленушілері арасында «Сіздермен мақтанамын, менің Қазақстаным» атты танымдық-ойын сағатын өткізді.
1990 жылы 25 қазанда Республиканың жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемелекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Республика күні – халықтың рухын көтеруге, мемлекеттілікті нығайтуға, бірлігіміз бен ынтымақтастығымызды нығайтуға арналған жарқын мереке.
Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан басталған танымдық сағат барысында тәрбиеленушілерге Қазақстан мемлекетінің тарихы, дамуы мен қалыптасуы туралы қысқаша ақпарат берілді, тарихи оқиғалар мен даталар шежіресін ұсынған бейнематериалдармен толықтырылып, «Қазақстан» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Қазақ халқының салт-дәстүрлері, тарихы, географиясы мен мәдениеті жайлы «Қазақстан туралы не білесің» викторинасына және «Асық ату», «Мақал-мәтелді жалғастыр» т.б. танымдық ойындарға белсенді қатысқан Юдина Мария, Тәңірберген Манас, Глушко Рауан, Мельникова Надежда, Еремеев Павел және Деева Софья сынды балдырғандар өз білімдері мен ептіліктерін көрсете білді. Қатысушылар назарына Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы, мемлекеттік рәміздер және т.б. әдебиеттер мен балалардың тәуелсіздік туралы салған суреттерімен жасақталған «Менің Отаным-Қазақстан» кітап көрмесі ұсынылды. Шараның басты ерекшелігі «Ұлттық кілем» сайысын өткізу болды, онда орталық тәрбиеленушілері түрлі-түсті қағаздан қазақтың ою-өрнектерін пайдаланып кілемшелер жасады. Шара жанды тебірентіп, рухты оятатын патриоттық «Көк тудың желбірегені» әнін орындаумен аяқталды.