Ең бірінші бақытым – Отаным!: поэтикалық кездесу
Бүгін Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада Шәкәрім атындағы университет пен Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттерінің қатысуымен «Ең бірінші бақытым – Отаным!» атты поэтикалық кездесу өтті.
Тағдырдан тарту болған тәтті сый Тәуелсіздігіміздің арқасында, әр таңымыз арайлы, әр күніміз шуақты. Бабаның қаны, ананың жасымен жеткен елдігіміз әрбіріміз үшін қадірлі, баға жетпес байлық.
Кездесуге келген жастарға Республика күнінің тарихы түсіндірілді. Сонау тоқсаныншы жылдардан бастау алып бұл күні қайта жаңғырған ұлттық мерекеміз азаттығымыздың алғашқы баспалдағындай еді. 1990 жылы 25 қазанда “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” декларация қабылданып Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет “ұлттық мереке” болып жарияланып, кейін 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, “мемлекеттік мереке” санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған “ұлттық мереке” мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастамасы халық тарапынан қолдау тауып, айтулы мерекеміз қайта жаңғырды.
Шара барысында Қазақстан Республикасының құрылуы, ел тарихы туралы маңызды мағлұматтардан шабыттанған жастардың шығармаларынан патриоттық өлеңдер оқылды.