«Қаламым»: облыстық көркемсөз оқу шеберлері мен суретшілер байқауы
9 қараша күні Абай атындағы кітапханада ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылығына арналған «Қаламым» атты көркемсөз оқу шеберлері мен суретшілердің облыстық байқауы өтті.
Байқауға Абай облысының барлық аудандарынан келген университет, колледж студенттері және мектеп оқушылары қатысты. Шара екі негізгі сайыстан тұрды: мәнерлеп оқу және өнер сайысы. Байқаудың қазылар алқасына жазушылар, ақындар, ұстаздар мен суретшілер А.Елгезек, Ш.А.Жанаева, М.Қарт, М.А.Алепарова, А.С.Қылышбекова ұсынылды.
Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Идирисова Назира Тасболатқызы байқауға қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.
«Мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша Гран-при Е.Жұмаділова, 1-орын – Д.Құлжабек, 2-орын – А.Қайырбек, 3-орын – Ә.Әскерғазина иеленді. Ал «Көркем сурет» номинациясы бойынша бас жүлде М.Бауыржанқызына, 1-орын С.Әбдікәрімоваға, 2-орын А.Саветбековаға, 3-орын Б.Ерзатоваға берілді.
Байқау Тыныштыбек Әбдікәкімұлының өлеңіне жазылған «Уа, Тұрсынғазы», «Санамақ» әндерімен сүйемелденді.
Іс-шара «Ақынның отты жүрегі» атты көлемді кітап көрмесімен ерекшеленді. Көрермендер назарына автордың «Ақшам хаттары», «Бесінші маусым», «Қас сақ Аңқымасы» т.б.жыр жинақтары, «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Егемен Қазақстан» мерзімді басылымдарының беттерінде жарияланған мақалалар мен естеліктер топтамалары, «Абай әлемі» топтамасы бойынша жарық көрген «Жұмақ күн» жинағы, «Алтай-Ертіс кітапханасы» топтамасында ақынның таңдамалы шығармалары, өлеңдері, поэмалары мен балладалары ұсынылды.