Сүмбіле-ғұмыр: шығармашылық кеш
Желтоқсан айының 8-ші жұлдызында Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында ақын, абайтанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі жерлесіміз Алмахан Мұхаметқалиқызымен «Сүмбіле-ғұмыр» атты шығармашылық кеш өтті.
Шараның кіріспе сөзін ақын, кітапхана маманы Бауыржан Игілік бастап, қатысушы қонақтарға Алмахан Мұхаметқалиқызының шығармашылығын таныстырды.
Ақын таңдамалы туындылар мен Абай шығармашылығы туралы көптеген тақырыптық және ғылыми мақалалардың авторы. ҚР Президентінің 2016 ж 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік төсбелгісі, «Абай» төсбелгісі, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» медалі, Ел Президентінің «Мақтау қағаздары» мен «Алғыс хаты» т.б. марапаттардың иесі.
«Жан сезімнің толқыны» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, экраннан ақынның қоғамдық қызметі мен шығармашылығына байланысты ақпараттар мен фотосуреттер ақын шығармашылығына арнайы әзірленген слайд арқылы көрсетілді.
Кешке Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Идрисова Назира Тасболатқызы, ҚЖО Семей филиалының төрағасы Мерей Қарт, жазушы, драматург, Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай қатысып ақын шығармашылығына кеңінен тоқталып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, «Құрмет» орденінің иегері әнші, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Бақыт Үдербаева, әнші, Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева, және қаламыздағы университеттер мен колледж студенттері қатысты.
Кештің алғашқы сөзін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Идрисова Назира Тасболатқызы бастады. Ақынның еңбек жолына тоқталып шығармашылық табыстар тілей отырып, туған өлкесіне бүйірі тартқан ақының сағыныш сезіміне арнап «Атамекен-ай» әнінің бір шумағын арнап, ақынға басқарма атынан «Алғыс хат» табыстады. Сөз кезегін алған ҚЖО Семей филиалының төрағасы Мерей Қарт ақынға деген қошеметін, ізгі ниетін білдірді. Жазушы, драматург, Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай әріптесі ретінде өзінің алғысын айта келе ақынға қаламыздағы Абай музейінің атынан «Абай туралы естелік» кітабын тарту етті.
Әдеби кеш «Құрмет» орденінің иегері, әнші Бақыт Үдербаеваның әнімен жалғасты. Кеш иесімен 35 жылдық шығармашылық байланыста бірге жүргендерін айта келе, ақынның сөзіне жазылған Кентау Назарбектің «Ардағым» әнімен шашу шашып, көрерменнің көңілін тебірендіріп, көздеріне жас ұялатты. Сөзінің соңында қазақи жолмен ақын иығына шапан жапты.
Ақын жүрегінен жарып щыққан жыр жолдарын көпшілік мәнерлеп оқыған М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттері мәдени кештің мазмұнын аша түсті.
Ә. Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншісі, сазгер Гүлдана Ноғайбаева автордың сөзіне жазылған «Қыз ғұмыр» және Тұрсынғазы Рахимов рухына арналып жазылған «Ақ бөкен» өлеңдеріне жазған әндерін орындап кеш иесі мен қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Кешіміздің кейіпкері ақындық шабытын, поэзия сырын, мәдениет саласындағы еңбегі мен ғұлама Абай тұлғасын көпшілікке насихаттауда атқарған қыруар еңбегі жайлы әңгімелеп, ақын мен қатысушылар арасындағы әдемі сұхбатқа ұласып, ізін басып келе жатқан болашақ ақын жастарға берген батасымен жалғасын тапты.
Шара соңында Алмахан Мұхаметқалиқызы мәдени кешті ұйымдастырып, өткізген Абай атындағы кітапхана ұжымына өзінің алғысын білдіріп, соңынан шараға келген барлық қонақтармен естелік суретке түсті.
Қонақтар мен қатысушылар тағлымы мол әдеби кештен рухани қуат, қызықты мол мағлұматтар алып тарқады.