«Алаш және ұлттық мемлекет моделі»: республикалық жас алаштанушылар симпозиумы
2023 жылдың 13 желтоқсанында ҚР Тәуелсіздік күніне орай Абай атындағы кітапханада «Республика» партиясы, Ә. Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты, «Қыр баласы» қоғамдық қоры, «СемейКөркем» ЖШС-мен бірлесіп «Алаш және ұлттық мемлекет моделі» тақырыбында республикалық жас алаштанушылар симпозиумы ұйымдастырылды.
Симпозиум қонақтарын «Тарих толқынындағы қазақ зиялылары» тақырыбындағы танымдық кең көлемді кітап көрмесі қарсы алды. Тарихтан сыр шертетін көрменің негізгі мақсаты – ХХ басындағы қазақ тарихында бірегей құбылыс саналған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің өмір жолы мен саяси-қоғамдық қызметін, қайраткерлігі мен күрескерлігін, шығармашылық мұрасын жан-жақты насихаттау болды.
Көрмеден кітапхана қорындағы Алаш арыстарының сирек басылымдар санатындағы еңбектері орын алды. 1927 жылы Мәскеу-Қызылорда баспасынан шыққан Х.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі», 1924 ж., Ташкент баспасынан шыққан «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», 1927 ж., Ж. Күдеріұлының «Өсімдіктану», 1934 ж., С.Сейфуллиннің «Qizil at», сондай-ақ олар туралы «Естеліктегі Алаш», Е.Нұрахмет «Алаш арысы-Біләл Малдыбайұлы», «Қазақ мемлекеттілігі және Алашорда», Қ.Өскембаев «Әлімхан Ермеков тұлға тағылымы», «Аманаты Алаштың», «Барлыбек Сырттанұлы» және т.б 90-нан астам монографиялар, зерттеме еңбектер ұсынылды. Сонымен қатар көрмеге Ә.Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, С. Сәдуақасов, Р. Мәрсеков сынды Алаш қайраткерлерінің фотосуреттері қойылды.
Симпозиум модераторы алаштанушы Ержан Еңсебай шараның негізгі мақсаты мен маңызын түсіндіріп, кіріспе сөзбен ашты. «Respublica» партиясы Орталық аппаратының басшысы Б. Хамит, Абай облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Садырбаев, Шәкәрім университетінің профессоры, т.ғ.к., М.Кәрімов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Семей филиалының директоры, ф.ғ.к., профессор Б.Ердембеков құттықтау сөздер сөйлеп, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.
Аталмыш іс-шарада жас алаштанушы ғалымдар Е. Рахметуллин, Ұ.Сәйдірахманұлы, Е.Шағимолдин, Н.Қоңырбай, Ә.Жакулаев, Ә.Байбол, А.Құмырзақұлы, А.Қадылбекұлы, Е.Нұрбекұлы, Т.Жеңісқызы, Ж.Жылқыбайұлы, А.Бағланқызы, А.Нұржанқызы барша қазақтың ұлттық мүддесі, Алаш арыстарының беймәлім өмірлері мен идеологиясы, еңбектеріндегі қазақ этнографиясы, ұлттық қорғаныс, сондай-ақ жиһан соғысына қатысқан Алаш дәрігерлері, Алаш мемлекетінің даму бағыты тақырыптары аясында тарихи-танымдық баяндамалар жасады. Жас алаштанушылар баяндамаларының тақырыптары бойынша алаштанушы аға буын өкілдері өздерінің ұсыныстары мен ескертулерін ұсынды.
Шара соңында «Respublica» партиясы Орталық аппаратының басшысы Б. Хамит симпозиум қарарын оқып, қатысушылардың пікірлерін тыңдады.