«Қуыскеуде»: кітабының таныстырылымы
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында 20 желтоқсанында, ХХІ ғасырдың ең үлкен проблемасына айналған экзистенциялық фрустрацияның қазақ қоғамындағы пайда болуы мен таралу себептеріне экзистенциялық анализ жасаған Санжар Керімбайдың «Қуыскеуде» кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға жазушы, ағартушы, шығыстанушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай қатысып, кітапқа жан-жақты талдау жүргізді. Шара барысында С. Керімбай слайд-презентация арқылы рухани тоқыраудан рухани кемелділікке жету жолдарын көрсете отырып, ұлттық құндылықты жан-жақты талдады.
Жеткіншек ұрпаққа берілетін тәрбие мәселесі жан-жақты талқыланатын маңызды шарада тұлғалық болмыс, жан әлемі мен адам өмірінің құндылықтары жайында сөз болды.
Әлем бойынша өзінің тарихи жадынан айырылып, ана тілі мен төл мәдениетінен алыстап, рухани тоқырауға тез ұрынған халықтың бірі – қазақ жұрты. Адам болмысының іштен бөлшектенуі, өмір мәнін жоғалтуы жаңа қоғамдағы қауіпті дертке айналуда. Тек өзінің өткен тарихын, мәдениетін, салт санасын, әдет-ғұрпын, өткені мен жеткенін танып білген сауатты елдер ғана осы дертпен күресуде. Аталмыш кітап осы дертпен күрестің қазақша түрі деуге болады. Кітап қазақ мәдениеті мен танымына қызығатын оқырманға арналады.