Қолжазба – құнды мұра : қолжазбалар қорының тұсаукесері
Бүгін Абай кітапханасының сирек басылымдар топтамасы қолжазбалар қорымен толықты. «Қолжазба – құнды мұра» тақырыбында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Сирек кездесетін құнды қорларымыздың қоржыны қолжазба –түпнұсқамен байыды. Бұл сирек қорға келіп қосылған тұңғыш қолжазбалар болып табылады. Кітапханаға қолжазбаларды оқытушы, ғалым Иманжапаров Мұрат Тілегенұлы табыстады.М.Тілегенұлының аманаттаған қолжазбасында танымал Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың сонау соғыс жылдарында жазған хаты, жерлесіміз, айтыскер ақын Сапарғали Әлімбетовтің әдеби мұрасы (өлеңдері) және С.Әлімбетовтің ұлы Маманның майдан даласында жазған хаттары мен қойын дәптері (неміс тілін үйрену мақсатында болуы керек, әскери сөздер) бар. Жиыны 7 құжаттан тұрады.
Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Т.М. Түйебаев , ф.ғ.к., профессор А.Қ.Қадыров сирек қолжазбалардың тұсауын кесіп, болашақта қолжазбалардың толыға түсуіне ізгі ниеттерін білдірсе, М. Тілегенұлы көпшілікті сирек қолжазбалар тарихымен, ғылыми зерттеуге келу жолымен таныстырды.
Қонақтар Кәкімжан Қаженұлы, М.Тілегенұлының шәкірті «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК директоры Ұ.Б.Сағадиев бастамаға қолдау білдіретіндігін жеткізсе, кітапхана директоры, ақын, филология ғылымдарының магистрі,Қазақстан Жазушылар одағы Абай облысы филиалының төрағасы – Мерей Мейіртайұлы М.Тілегенұлына өз алғысын білдірді.
Айтулы шараға Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, М.Ф.Достоевский мұражайы қызметкерлері де қатысты. Тұсаукесер соңында Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншісі Ж. Тәжиев тамаша әнін бүгінгі тарихи күнге тарту етті.