«Абай жолы» кітапханасы: әдеби экспозиция
Бүгін Астана қаласында «EurasianBookFair – 2024» VII – Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Сәуір айының 17-21 күндері арасында өтетін Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Абай жолы» кітапханасы әдеби экспозициясымен қатысуда.
Шараның мақсаты тарихи кітапхана қорындағы көне жәдігер – кітап ескерткіштерімен және «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген жаухар туындылармен көпшілік қауымды кеңінен таныстыруға бағытталды. Салтанатты шара қонақтарына Абай, Шәкәрім, Мұхтардың көзі тірісінде олар туралы жазылған сирек дереккөздер тосын сый болды.
Әдеби экспозицияның «Абай, Шәкәрім сирек басылымдарда» бөлімінде кемеңгер ақын Абай мен сахара ойшылы Шәкәрімнің қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін сирек өлкетану басылымдары көрініс тапты. Сонымен қатар жас қаламгер М.Әуезовтың тұлғалық қасиетін танытатын түпнұсқалар көрмеден орын алды.
«Сирек басылымдардағы Әуезов шығармалары» бөлімі Абайдың көркем әдебиеттегі бейнесін сомдайтын «Абай жолы» эпопеясының мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған алғашқы үзінділерімен және эпопеяның 1945, 1948, 1949 -1950 жылдардағы толық нұсқасымен таныстырды.
Әдеби экспозицияның үшінші бөлімінде облыс әкімі Н.Ұранхаевтың қолдауымен 2023 жылы жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген өңір авторларының шығармалары қонақтардың назарына ұсынылды.
Жоба аясында хакім Абайдың, ғұлама ойшыл Шәкәрімнің, ұлы жазушы М.Әуезовтың және өңірімізден шыққан халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың, балалар жазушысы Ә.Толымбектің, белгілі қаламгерлер Т.Ысмайыловтың, Ы.Мұсаұлының, Б.Жақыптың, Д.Рамазанның, А.Кемелбаеваның әдеби-көркем туындылары мен абайтанушы ғалым Т.Жұртбайдыңи еңбектері таныстырылды. Сонымен қатар, өңірімізден шыққан Ақтамберді Сарыұлы мен Дулат Бабатайұлы және Абайдың ақын ұрпақтарының шығармаларынан топтастырлған «Жыр жауһарлары» жыр жинағы, Абай кітапханасының 140 жылдық тарихына байланысты сирек басылымдар қорынан құрастырылған «Абай кітапханасы сирек басылымдарда», «Хранитель истории» атты қос томдық жинақтары, республикалық «Абай» журналының беттерінде жарық көрген құнды мақалалардан жинақталған «Білгенге маржан» жинағы ұсынылды.
Шара қонақтарына 140 жылдан артық тарихы бар көне кітапхананың сирек басылымдар қорынан және «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген басылымдардан мағлұмат беретін, QR-кодталған шығармаларды мобильді қосымшаға жүктеу мүмкіндігі бар үлестірме материалдар таратылды.
Әріптестеріміз бүгін кешке «Абай жолы» кітапханасының тұсаукесер рәсімін халықаралық көрме-жәрмеңке қонақтарына ұйымдастырады. Рухани шараны ұйымдастырып жатқан Әріптестерімізге сәттілік тілейміз!