Абай өңірінің аңыздары: өлкетану қонақжайы
19 мамыр күні Абай атындағы кітапханада «Ертіс өңірі» өлкетану қоғамы мен Абай атындағы кітапхана мамандары кітапхана пайдаланушылары мен қала тұрғындары үшін «Абай өңірінің аңыздары» тақырыбында өлкетану қонақжайын өткізді. Шараға «Жасұлан» лицейі мен электротехника колледжінің студенттері қатысты. Олар өлкеміздегі көне және аз белгілі аңыз-әңгімелермен танысып, «миф», «аңыз», «қалалық аңыз» ұғымдарының терминологиялық айырмашылығын білді.
Шара барысында қатысушылар Ертіс өзені, махаббат құрбаны болған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек», әйгілі «Қоңыр әулие үңгірі», «Қасиетті бұлақ», «Қабанбай батыр» туралы аңыздардан мағлұмат алды. Өлкетанушы А.Хузина туған жері Бесқарағайдың географиялық атауларына байланысты аңыздардан сыр шертті. Ал өлкетану зерттеулерімен көптен бері айналысып жүрген М.Сасанов, П. Жуков қаламыздың қазыналары мен жерасты өткелдері туралы жұмбақ аңыздармен бөліссе, жас өлкетанушылар, қалалық экономикалық лицейдің 8-сынып оқушылары тыңдаушыларды Бородулиха ауылының ауыл аңыздарымен таныстырды. Музыкалық колледж студенті А.А.Төлеубаев Қорқыт ата күйлерін қобызбен ойнап, көпшілікке тарту етті.
Шараға қатысушыларды «Қазақ даласындағы аңыздар» тақырыбында кітап көрмесі қарсы алды. Көрермен назары «Қазақстан топонимикасы», О.Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан аңыздары», Ә.Бірмағамбетовтің «Географиялық атаулар сыры», Ә.Сейдімбектің «Қазақтар әлемі», А.Омаровтың «Бесқарағай – Бөденелі шежіресі», Н. Баяндиннің «Ертістің арғы жағы, бергі жағы…», «Тарбағатай ауданының жер-су аталарының сөздігі», Т.Тілеуқабылдың «Атамекен Абыралы» және т.б. кітаптарына ауды.