Ә. Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» романы: оқырман конференциясы
22 мамыр күні Абай атындағы кітапханада Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы бойынша оқырмандар конференциясы ұйымдастарылды.
Іс-шараға Семей қаласының М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Роман соғыстан кейінгі шынайы студенттік өмірді, жастықты, махаббатты суреттеген, кезінде қалың оқырманның тұмарындай, сүйікті шығармасы болған кітап бүгінгі күннің оқырманын да бей-жай қалдырмайтыны белгілі.
Конференция барысында студенттер романның басты кейіпкелері Ербол, Меңтай образдарының сан қырын аша түсіп, шығармадағы басты кейіпкерлермен қабаттаса жүретін, олардың достары Зайкүл, Тәкен, Қанипа мінез-құлқын талдап, өзімшіл, мақтан сүйер жағымсыз кейіпкерлер – Шалдуар Шалғынбаев, Тұмажан Ошақбаев сынды өтірік сөйлейтін, ар-ожданнан безген кейіпкерлер бейнесін аша түсіп, өз ойларын ортаға салды.
Конференцияға қатысушылар жазушының роман сюжеті мен композициясын жасаудағы үлкен шеберлігін қазақ әдебиетіндегі ерекше көркемдік деп ой түйіндей келе, Ерболдың достары Тана мен Заманның өз балаларын Ербол,Меңтай деп атауларын достықтың биік шыңы деп баға беріп, аталмыш романды нағыз махаббат пен достықтың символы деп ой түйіндеді. Жерлес қаламгердің қаламынан туған ұлы туынды әлі де ұрпақтан ұрпаққа жетіп, өз оқырманымен табыса береріне сеніміміз зор.