Әкеммен кітап оқимын: фото көрме
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында отбасылық оқудың жарқын дәстүрлерін жаңғырту, әке мен баланың арасындағы байланысты нығайту және кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты қалыптастыру мақсатында, жас оқырмандардың әкелерімен бірге кітап оқыған сәттері, әке жайлы мақал-мәтелдер бейнеленген «Әкеммен кітап оқимын» атты фото көрме ұйымдастырылды.
Шара барысында «Әкелер күні» мерекесін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілету, әкелер институтын нығайту жайлы тыңғылықты ақпарат берілді.
Бөлімнің тұрақты оқырманы Мансұр Абенов, Алишер Аманжолов әкелері жайлы жылы лебіздерін білдіріп, өлең жолдарын жолдады. Мансұрдың әкесі Талғат Ноянұлы ерте жастан баланы кітап оқуға қалай дайындау керек, баланы оқумен жазаламау, оны күшпен мәжбүрлемеу керек екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, ұлын қалай кітапқа оқуға баулып, бағыт-бағдар бергені жайлы қызықты баяндап берді. Сондай-ақ балдырғандар Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» атты мультфильмін тамашалады. Жас оқырмандар фотокөрмені тамашалау барысында жағымды эмоциялар алды.