Ұлылар мекені: рухани-танымдық кездесу
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Адал адам –Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес 19-21 маусым аралығында Астана қаласынан шыққан «Ұлылар мекені…» атты ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері Астана – Баянауыл – Семей – Жидебай – Семей бағыттарымен жүріп келіп, Абай кітапханасына ат басын бұрды.
Қонақтарымыз рухани шараның басын балаларға арналған «Ашық аспан астындағы кітапхана» тұсаукесерінен бастап, жас оқырмандарға ақ жол тіледі. «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасымен танысты.
Кітапхана директоры Мерей Мейіртайұлы Қарт ғылыми-танымдық экспедиция мүшелерімен танымдық кездесу өткізді.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Ж. Манжибаева «Сирек қорлардағы Абай», «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары М. Қайранбаева «Абайды еске алу күндерінің тарихы», Абай облысы мемлекеттік архивінің «Ғылыми анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану» бөлімінің басшысы Л. Қадырова «Әкелі-балалы қос тұлға – Шәкәрім мен Ахаттың құжаттары архив деректерінде» тақырыптарында баяндамалар оқыды. Алаштанушы, абайтанушы Қ.Нұрқасым ұстазы Қайым Мұхамедхановтың қоғамдық қызметі мен шығармашылығы туралы маңызды ақпараттармен бөлісті. Экспедиция мүшелері кітапхана, архив, музей қорларындағы құнды мәліметтер бойынша баяндамаларды тыңдап, маңызды ақпараттарға қанық болды.
Экспедиция мүшелері Д.Кәпұлы, Қ.Сарин, А.Кемелбаева, Ұ. Нұрғалым сынды қаламгерлер және «Руханият» мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы сөз алып, ұлылар мекенінен алған әсерлерімен бөлісіп, рухани-танымдық әңгімелер өрбітті. Ұлылар елінен шыққан Әлихан Бөкейханов, Отыншы Әлжанов, Зият Шәкәрімұлы және осы елде қоғам игілігі үшін қызмет еткен Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың қоғамдық қызметі мен шығармашылықтары туралы маңызды деректі ақпараттар берді.
Белгілі ақын Д.Кәпұлы Дихан Қамзабекке арнаған арнау өлеңін оқып, Абай кітапханасына Ұлттық кітапхана атын беру мәселесін қозғады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарыққа шығарған жас ақын-жазушылардың 30 кітапты кітапхана қорына сыйға тартты.
Маңызды да, құнды ақпаратқа толы жылы жүздесу өте өте әсерлі өтті.