Домбыраның сиқырлы үні: кітап көрмесі
5 шілде күні Абай атындағы кітапханада кітапхананың тұрақты оқырмандарына Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыраның сиқырлы үні» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап.
Кітап көрмесіне домбыраның жасалу тарихы, аңыздары, осы музыкалық аспапты жасау технологиясы, домбыра өнерінің ұлы классиктерінің таланты мен шеберлігін танытатын кітаптар қойылды. Атап айтар болсақ, И.Кенжалиевтің Құрманғазы жайлы «Қос ішек» және Х.Дәрібаевтің «Тәттімбет» кітабы, Ж.Нәжімеденовтың «Домбыраның қоңыр үні», К.Сахарбаеваның «Дина. Әсем қоңыр», Т.Мерғалиевтің «Домбыра сазы», М.Әбуғазының «Қазақтың домбыра өнері», «Әнші Әміре:Әміре Қашаубаев туралы естеліктер», З.Жәкішеваның «Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары» көрме төрінен орын алды. Көрмедегі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев сынды домбыра өнерінің ұлы классиктерінің таланты мен шеберлігін танытатын кітаптарға ерекше назар аударылды.